11 ақпан күні Ұлттық спорт түрлерін дәстүрлі түрде өткізу мақсатында Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының батыры атағы берілген күнге орай М.Ғабдуллин Музейі мен Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен оқушылар арасында Жамбы атудан қалалық турнир өтті.
Жарысқа М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясы мен IT мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
Жамбы ату – жауынгерлік өнер. Ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ойынның бір түрі. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында жастар өмірі ерекше назарға ие болып жатқан уақытта осындай ұлттық ойындарымыз бен өнерімізді дәріптеудің маңызы зор. Құралайды көзге атқан мергендікке тәрбиелейтін М.Ғабдуллин жүлдесі үшін өткізіліп отырған бұл жарыстың Батырдың өзі оқыған қара шаңырақ М.Ғабдуллин атындағы мектепте өткендігі тегін емес. Мәлік Ғабдуллиннің соғыс жылдарындағы көрсеткен батырлық қасиеттерінің ішінде, оның майдандас достары арасында ерекше айтылатындары – «ши үстінен шіркей атқан» мергендігі, қырағылығы, өз қаруын жіті білуіндегі мұқияттылығы пен ептілігі. Бұл жарысқа нағыз ерге тән қасиеттер дарыған ертеңгі күні елінің тірегі болар 18 садақшы қатысып өз бақтарын сынады.
Іс-шарада Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Қ.Р. Мырзабек, Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебінің директоры М.М. Қойшин және М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп гимназиясының директоры Р.К. Әбілхамитова құттықтау сөз сөйледі.
Сондай-ақ, көпшілік назарына мектеп оқушылары дайындаған шағын концерттік бағдарламасы ұсынылды. Жарыс нәтижесінде 9"Б" сынып оқушысы Кайсарбек Темірлан жүлделі 2 орынға ие болды.